Миф

Миф – 1) көне аңыз, әңгіме; 2) тарихи-мәдени сананың ерекше күйі.


Ежелгі мифтер мен аңыздар алғашқы адамдар тіршілігінің маңызды бөлігі болып, олардың рәміздік (символдық) мазмұны арқылы адам қоршаған ортаны игеріп, жете түсінді. Мұнда поэзия мен алғашқы білімнің, дін мен әдептің, өнер мен өмірлік тәжірибенің ерекше бірлігі орын алды. Алғаш рет Миф философиясын Дж.Вико (1668 – 1744) ұсынды. Ол Миф қиял ойыны ретінде қалыптасады деген пікірде болды. Кейін 19 ғасырдың ортасынан бастап Миф этнографиялық материал ретінде зерттеле бастады.[1]

Ағылшын мәдениеттанушысы Э.Б. Тайлор (1832 – 1917) “Алғашқы қауымдық мәдениет” атты еңбегінде Мифтер мен діни нанымдар негізінде анимизм жатады деп жазады. Г.Спенсер (1820 – 1903) Миф – таным құралдары мен мүмкіндігінің шектеулілігінен туындаған құбылыстардың сырын қате түсіну (түсіндіру) деп санады. Дж.Фрезер үшін Миф – магиялық әрекетті ақылға салып, әдеби тіл арқылы пайымдау.[2] Психологиялық мектеп пен оның өкілдері (В.Вунд, Л.Леви-Брюль, З.Фрейд, К.Юнг) Мифтік шығармалар негізінде алғашқы қауым адамының дүниені қабылдау ерекшеліктері жатыр, ол бір нәрседен туындаған сезімдерді, эмоцияларды сол құбылыстың немесе нәрсенің өзіне тән қасиеті ретінде қабылдады деп санайды. 20 ғасырдағы әлеуметтік антропологияда Б.Малиновский (1884 – 1942) мен К.Леви-Строс (1908) теорияларының ықпалы жоғары болды.[3]


Малиновскийдің пікірінше, миф – құбылыстың түсіндірмесі, яғни теория емес, шындық ретінде пайымдалған сенімнің көрінісі. Леви-Стросс жеке мифті емес, олардың жиынтығын таңбалық модельдендіруші жүйе ретінде қарастырады. Тайлор мифтердің мынадай түрлерін атап көрсетеді: а) философиялық немесе түсіндірмелік мифтер; ә) нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер; б) тарихи және аңыз тұлғалар туралы мифтер; в) фантастикалық және метафоралық мифтер; г) әлеуметтік-саяси және тұрмыстық мифтер. Космогониялық мифтердің басты тақырыбы – “киелі тарих”, дүниенің, адамның, тағы да басқа жаратылуы.[4] Әдетте, мифте жаратылыс уақыты киелі сипатқа ие болып, үлгі ретінде құрметтеледі. Мифте әрбір объект, әрбір іс-қимыл басқа объектілермен, іс-қимылдармен ұштасып жатады. Мифтік бейнелер субстанциялық сипатта, нақты, шынайы нәрселер ретінде қабылданады. Мифке метафоралық тән емес, өйткені миф бәрін шындық ретінде бейнелейді. Тек кейіннен мифтің тілдік құрылымында метафоралық ерекшелік қабылданды. Миф архаикалық сана үстемдік еткен дәуірде пайда болғанымен, кейінгі мәдениеттерде де сақталып қалды. Мифтік уақыт туралы сөз еткенде оның жазусыз мәдениетпен бітісе қалыптасқанын ескеру қажет. Ұжымдық тәжірибе мен әдет-ғұрыпты арқау еткен қоғамның қуатты болжау мәдениеті болуы шарт. Бұл табиғатты, әсіресе аспан шырақтарын бақылауды міндетті түрде ынталандыра отырып, соған сәйкес теориялық танымның өркендеуіне әкелді. Кейін мифтік дүниетанымды дін мен философия ығыстырды. Бірақ ол уақыт ағынында жоғалып кетпей, көмескі сана мен архетиптік жадынан орын алды. Қазақтың арғы ата-тектерінің дүниені мифтік тұрғыдан түсінуі әлемдік үлгілермен сабақтас. Көк Тәңірі, Жер-Су мен Ұмай ананы айтпағанның өзінде, түркі халықтарының арғы ата-тек туралы түсініктері тарихтың алыс қойнауларында қалыптаса бастаған. Көк бөрі туралы аңыздар, сондай-ақ көркем шығармаларда бейнеленген тотемдер мифтің әсерлі белгілері саналады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде тотемдік ұғымдар сақталғанымен, олардың нақтылы көріністері өзгерді. Мифтік уақытты басқа типтер ауыстырған соң да тотемдік түсініктер халық жадында архетиптік қызметін атқарып, басқа рәміздер мен таңбаларға айналды. Мысалы, жаугершілік және бостандық үшін күрес заманында Көкбөрі қайсарлыққа шақырған рәміздік рөл атқарған.[5]

  • Дереккөздер

Дереккөздер

  1. Марғұлан Ә., Ежелгі жыр, аңыздар. А., 1985
  2. Лосев А., Философия. Мифология. Культура, М., 1991
  3. Каракузова Ж., Хасанов М., Космос казахской культуры, А., 1993
  4. Ыбыраев Ш., Қазақ мифтері, А., 2003
  5. Т. Ғабитов, Философия және мәдениеттану, А., 2004.
Other Languages
Afrikaans: Mite
asturianu: Mitu
azərbaycanca: Mif
беларуская: Міф
беларуская (тарашкевіца)‎: Міт
български: Мит
català: Mite
کوردی: ئوستوورە
čeština: Mýtus
dansk: Myte
Deutsch: Mythos
Ελληνικά: Μύθος
English: Myth
Esperanto: Mito
español: Mito
eesti: Müüt
euskara: Mito
فارسی: اسطوره
suomi: Myytti
føroyskt: Mýta
français: Mythe
Frysk: Myte
Gàidhlig: Ùr-sgeulachd
galego: Mito
Avañe'ẽ: Mombe'ugua'u
עברית: מיתוס
hrvatski: Mit
magyar: Mítosz
հայերեն: Առասպել
interlingua: Mytho
Bahasa Indonesia: Mitos
italiano: Mito
日本語: 神話
Basa Jawa: Mitos
ქართული: მითი
한국어: 신화
Lëtzebuergesch: Mythos
lietuvių: Mitas
latviešu: Mīts
македонски: Мит
Bahasa Melayu: Mitos
Nederlands: Mythe
norsk nynorsk: Myte
norsk: Myte
occitan: Mite
ਪੰਜਾਬੀ: ਮਿਥ
polski: Mit
português: Mito
română: Mit
русский: Миф
srpskohrvatski / српскохрватски: Mit
slovenčina: Mýtus
slovenščina: Mit
shqip: Miti
српски / srpski: Мит
Basa Sunda: Mitos
svenska: Myt
Kiswahili: Kisasili
тоҷикӣ: Асотир
татарча/tatarça: Миф
українська: Міф
West-Vlams: Mythe
中文: 迷思
Bân-lâm-gú: Sîn-oē