Метаморфоз

Жұлдызқұрт, дернәсіл, көбелек

Метаморфоз (грек. metamorphosіs – өзгеру, айналу), метаболия – жануарлар мен өсімдіктер тіршілігінде болатын құбылыс; организм құрылысының түбегейлі өзгеруі, соның барысында дернәсілдің ересек дарасына айналуы.
Метаморфоз омыртқасыздар тобының көпшілігіне, кейбір омыртқалыларға (миногаға), бірқатар балықтарға, қосмекенділерге тән. Метаморфоз әдетте жануарлардың жеке дамуындағы тіршілік қалпының шұғыл өзгеруінен байқалады. Мысалы, жануарлар еркін жүзуден – бекінуге, суда тіршілік етуден – құрлықтағы тіршілікке, т.б. ауысады.
Метаморфозбен дамитын жануарларда кем дегенде бір рет ересек жануардан айтарлықтай ерекшеленетін – дернәсілдік сатысы болады. Метаморфозбен даму кезінде жануар кез келген онтогенез сатысында түрдің сақталуына және тіршілігін жалғастыруына септігін тигізетін сан алуан қызметтерді жүзеге асырады. Метаморфоз төмен сатыдағы бекініп тіршілік ететін омыртқасыздарға да (губка, ішекқуыстылар) тән. Бұл кезде әр түрлі еркін жүзетін дернәсілдердің (паренхимула, амфи-бластула, планула) түрлері таралады. Көп жағдайда мұндай метаморфоз жыныссыз және жынысты түрде көбейіп, ұрпақтардың алмасуымен (даму фазасы) күрделене түседі. өрпақ алмасуынсыз болатын метаморфоз жұмыртқадан түрдің таралуын жүзеге асыратын дернәсіл (мысалы, теңіз көп қылтанды құрттарының трохофорасы, теңіз моллюскілерінің велигері) шығады.
Немертиндерде болатын некрозды (өлі) Метаморфоз кезінде болашақ ересек дернәсілдің ішінде дамиды да, дернәсіл денесінің негізгі массасы тіршілігін жояды. Теңізде тіршілік ететін организмдердің тұщы судағы немесе құрылықтағы тіршілікке ауысуынан дернәсілдік саты дами алмай қалады. Жүзім ұлуында өтетін Метаморфозда дернәсілдік саты – ұлудың жұмыртқасында өтеді. Мұны “криптометаболия” (жасырын метаболия) деп атайды. Көптеген көпаяқтылар мен мұртсыз алтыаяқтылардағы өзгеріс денедегі сегменттер санының, мұрт буылтықтарының артуына, яғни анаморфозға байланысты болып келеді. Көптеген аптериготтар (қанатсыздар) мен бірқатар көпаяқтыларға өзгеріссіз даму протометаболия (эпиморфоз) тән. Алтыаяқтыларда қанаттың дамуы онтогенездің өзгеруіне әкеледі. Егер жәндіктердің дамуының алғашқы сатысы мен имаго ұқсас болса, дернәсіл (нимфа) ересек жәндікке ұқсас болады да дене құрылымы біртіндеп қанаттың пайда болуына қарай өзгереді. Мұны шала түрлену немесе гемиметаболия деп атайды. Мысалы., оларға біркүндік инелік, турақанаттылар, теңқанаттылар, т.б. жатады. Егер онтогенезде негізгі атқаратын қызметі (дернәсіл сатысында қоректенуі, ересек сатысында таралуы, көбеюі) шұғыл өзгерсе, толық түрлену немесе голометаболия деп аталады (қоңыздар, көбелектер, жарғақ қанаттылар, қос қанаттылар, т.б. жатады). Мұндай жағдайда құрттәрізді дернәсіл әдетте ересек жәндікке ұқсамай, дернәсілдің ересек формаға ауысуы – қуыршақ сатысында жүзеге асады.

Омыртқалыларда Метаморфоз

Омыртқалыларда Метаморфоз миногада айқын көрінеді, олардың дернәсілі (құмтесер) грунтте тіршілік етеді, ал ересек даралары балықтардың жартылай паразиттері; қосмекенділерде жұмыртқадан дернәсіл – итшабақ шығады. Метаморфоз барысында дернәсілдік мүшелер жойылады да, ересек жануардың мүшелері қалыптасады. Метаморфоздың реттелуі гормондар арқылы жүзеге асады.

Other Languages
беларуская: Метамарфоз
bosanski: Metamorfoza
català: Metamorfosi
English: Metamorphosis
فارسی: دگردیسی
galego: Metamorfose
हिन्दी: कायान्तरण
Kreyòl ayisyen: Metamòfoz
հայերեն: Մետամորֆոզ
Bahasa Indonesia: Metamorfosis
日本語: 変態
ქართული: მეტამორფოზი
한국어: 탈피
Кыргызча: Метаморфоз
lietuvių: Metamorfozė
latviešu: Pārvēršanās
македонски: Метаморфоза
Bahasa Melayu: Metamorfosis
português: Metamorfose
română: Metamorfoză
русский: Метаморфоз
srpskohrvatski / српскохрватски: Metamorfoza (zoologija)
Simple English: Metamorphosis
slovenščina: Preobrazba (biologija)
Seeltersk: Metamorphose
Basa Sunda: Métamorfosis
Türkçe: Başkalaşım
українська: Метаморфоз
oʻzbekcha/ўзбекча: Metamorfoz
Tiếng Việt: Biến thái hoàn toàn
Winaray: Metamorphosis